Сейтжамал Орынбасарович Паеев,  Жоғары медицина колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты,  ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі.

 

 

 

 

 

Жоғыры медицина колледжі - іргетасы 1930 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының наркомдар кеңесі қаулысымен қаланған Оңтүстік Қазақстан облысының байырғы оқу орындарының бірі. Еліміздің орта буын медицина қызметкерлерін даярлау ісіне 80 жыл бойында өз үлесін қосып жүрген білім ордасы озат оқу орындары қатарында жүргеніне құлағымыз да үйреншікті.


Алғашқысында санитарлық дәрігерлер көмекшілерін даярлайтын медициналық техникум ретінде ашылған білім беру мекемесі 1934 жылы фельдшерлік мектеп болды. 1948-1954 жылдар аралығында фельдшерлік-акушерлік мектеп аталып, 1954 жылы медициналық училище болып қайта құрылады,  «Фельдшер» біліктілігімен  «Емдеу ісі» мамандығы бойынша мамандарды даялау 1934 жылдан басталса, «Акушер» біліктілігімен түлектер 1948 жылдан бастап шығарылады. «Мейірбикелік іс» мамандығы бойынша «Жалпы тәжірибелі медбике» біліктілігі 1936 жылда енгізілген. «Гигиена және эпидемиология» біліктілігімен «Гигиенист-эпидемиолог» мамандары 1930 жылдан бастап шығарылады, «Стоматология» мамандығы бойынша «Дантист» біліктілігі 1953 жылы, «Лабораториялық диагностика» амандығы бойынша «Медициналық лаборант» біліктілігі – 1964 жылы, «Фармацевт» біліктілігімен «Фармация» мамандығы – 1953 жылы, «Ортопедиялық стоматология» мамандығы бойынша «Тіс технигі» біліктілігі – 1957 жылы енгізіледі.

1996 жылы Шымкент медициналық колледжі Қазақстан Республикасының 14.06.1996 жылғы   № 282 бұйрығы негізінде колледж мәртебесін алды.

Өткен ғасырдың бірінші жартысында болашақ медицина саласының қызметкерлеріне есігін ашуға асыққан білім мекемесі талай асулардан асып, есте қалар күндерді өткерді.

 Ұжымды заман талаптарына сай мақсаттарға жетелеп отырған оқу орнының, басшыларының аты осы күні тарихқа айналған, олар К.И.Шкильный, Д.Шәмшиев, Д.Нүрпеисов, М.Д.Винокур, А.И.Илашев секілді есімі көпшілікке мәлім медициналық білім беру саласының ардагер-қызметкерлері.


К.И. Шкильный (1930-1933 жылдар аралығында санитарлық дәрігер  көмекшілерін даярлау бойынша техникумның бірінші басшысы қызметін атқарған)

Д. Шамишев (1933-1937 жылдары фельдшер мектебінің директоры)

Д. Нурпеисов (1937-1943 жылдар аралығында фельдшерлі-акушерлік мектебінің директоры қызметін атқарды.)  



Н.Н. Блох  /суретте сол жағында/ (1943 – соғыс жылында фельдшерлі-акушерлік мектепті басқарған.)

Д.М. Винокур (1937-1943 жылдар аралығында фельдшерлі-акушерлік мектебінің директоры қызметін атқарды.)  

Ә.И. Илашев 1976 жылдан 1995 жылдар аралығында Шымкент медициналық училищесінің директоры болған.

В. Чернов /сурет жоқ/ (1943-1944-жылдары аралығында фельдшерлі-акушерлік мектебінде басшылық еткен)

 

 
Е.Ә. Момынов
  1995-2007 жылдар аралығында Шымкент медицина коллежінің директоры қызметін атқарған. 

 

 

 

 

 

 

 





Сейтжамал Пакеев,  Жоғары медицина колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі


Медицина қызметі соғыс күндерінде қарқынды дамитыны баршаға мәлім. Сондықтан колледжіміздің тарихына сұрапыл соғыс жылдары ерекше мән берген. Отан соғысына қатысып, Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан батырлар арасында Жоғары медицина колледжі түлектерінің де есімдері ерекше аталған.

Мейірбике ісінің негізін қалаушы Флоренс Найтингейлдің халықаралық төсбелгісіне ие болған ардагер-түлегіміз Рәзия Шәкенқызы Исқақова біздің оқу орнын аяқтап, жауынгерлерге мейірбикелік көмек көрсету мақсатымен майданға өз еркімен аттанған. Борышын өтеп жүріп өзі де екі рет жарақат алған батыл жан өмірін соңына дейін Шымкент қаласында өткізді.

 

 

 

 

 

 

 




Искакова Разия Шакенқызы 1939 жылғы түлек Колледжіміздің мақтанышы, Ұлы Отан соғысының ардагері, 1975 жылы Халықаралық Қызыл Крест ұйымынан Ф. Найтингейл медалімен марапатталған. 1944-1945 жылдары «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін» медальдарымен және бірнеше ордендермен марапатталған.

Заман өзгерсе де, мейірбикелерге қойылатын талап өзгерген жоқ. Сапалы білім мен дағды әлі де білікті маманға тән сипаты болғандықтан, оқу үрдісін ұйымдастыруға, жаңашыл жұмыс әдістері мен технологияларды енгізуге көп көңіл бөлінуде.

2001 жылы оқушылардың клиникаға дейінгі және клиникалық дағдыларын қалыптастыруда оқу-емханалық орталығын ашқан алғашқы медициналық колледж бола тұра, осы күні біз алған бетбұрыстан қайтпауға тырысамыз. Оқу жағдайын толығымен клиникаға жақындату мақсатымен бұл орталық жаңа үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған. Колледж оқытушылары мен қала тұрғындарына орталықтың емдеу бөлмелерінде, физиотерапия кабинетінде, стоматологиялық бөлімінде, клиникалық зертхана мен күндізгі станционарда медициналық қызмет көрсетіледі.

 Жоғары медицина колледжі бүгінгі күні мейірбике ісі, акушерлік ісі, гигиена және эпидемиология, фармация мен стоматология, лабораториялық диагностика, емдеу ісі бөлімдерінен тұратын, қабырғасында 1599 студент білім алатын, оларға 175 оқытушы білім беретін оқу орны. Осы уақытқа дейін колледж қабырғасынан шыққан түлектердің жалпы саны 28 590  мың.

Бәсекеге қабілетті, еңбек нарығында талапқа ие болашақ мамандарды даярлау ісін басты мақсат еткен педагогикалық ұжымның  еңбегін оңтайландырып, шығармашылығын арттыру бағытында үлкен жұмыс жүргізілді.

Колледж кітапханасы жалпы 55725 кітап қорынан құрылған, оның ішінде қазақ тіліндегі басылымдардың саны – 14312 дана. Бір студентке шаққанда, оның үлесіне 32 оқулық тиеді.

Колледж 25 интерактивті тақтамен жабдықталып, 2 ықшам көшпелі интерактивті кабинет жабдықталған, шағын типография, оқу-ақпараттық орталық қызмет етеді. Сабақ барысында Интернет желісіндегі ақпаратқа қол жеткізу, оқытудың түрлі формалары мен әдістерін қолдану, оқытудың заманауи технологияларын іске асыру қазіргі оқытушының күнделікті қызметіне айналған. Оқытушылардың авторлық жұмыстары да қуантады: мемлекеттік тілде шығарылған арнайы әдебиет тапшы болғаны оқытушылардың шығармашылық жұмысын арттырды.

 Осы күнге дейін колледж оқытушылары «Фармакология», «Мейірбике ісі негіздері», «Тағам гигиенасы»,  «Жалпы гигиена» оқулықтарын басылымнан шығарды.

  • Г.А.Ешова, «Мейірбике ісінің негіздері», 2-басылымы: 2005, 2013жж.
  • М.Ш. Сералиева, «Коммуналдық гигиена» оқулығы;
  • М.Ш.Сералиева, Ү.С.Илақбаева, «Тағам гигиенасы»;
  • М.Ш.Сералиева, Ж.И.Дауренбекова,  «Зертханалық жұмыстар техникасы»;
  • З.Т.Тулепова.  «Эпидемиология»,  (оқулық)
  • А.У.Нуржанова, М.Ш.Сералиева, «Микробиология және вирусология пәндерінен лекциялар жинағы»
  • М.И.Кравчук, «Лекции по фармакологии», «Латинский язык», «Сборник дидактического материала по фармакологии»
  • М.А.Султанов, А.А.Ербасова, «Фармакология», (мемлекеттік тілдегі оқулық), 2-басылым: 2008, 2014 жж.
  • Б.К.Меңдібаева «Еңбек гигенасы» (мемлекеттік тілдегі оқу құралы)
  • Г.К.Сахова, «Психология негіздері»

 

Клиникаға дейінгі кабинеттерге соңғы үлгідегі электронды муляждар мен фантомдар жеткізілді. Енді оқушыларды заманауи құрылғылармен жұмыс жүргізуге баулу көрнекі өтетін болды.

Қазір, болашақ мамандардың бәсекелестігін арттыру жолында, 2008 жылдан бастап колледжде BS EN ISO 9001-2008  стандарттары негізінде Сапа менеджментінің жүйесі енгізілген. Енді біздің колледжіміздің түлектері жақын және алыс шетелде білімін жалғастырып, қызмет ете алатын мүмкіндікке жетті.

 

85 жыл өткерген колледж бүгінгі күні облысымызда үздік оқу орындары қатарында жүрген, ауқымды оқу базасы бар білім ордасы: кітап қоры 75 мың дана кітапхана, оқу залы, колледж мұражайы, 250 орынға арналған жатақхана.

Жаңашыл бағытта ұйымдастырылған оқу-тәрбие ісі оқушылардың оқу-ізденіс жұмысын жандандырып, белсенділігін арттыруға себеп болды. Оқушылардың үйірме, ізденіс жұмысының қорытындылары ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, оқушылардың шығармашылық жұмыстарының сайыстарына ұсынылып, мақтау қағаздарымен марапатталып жүр. Оқу үздіктері колледжде алған білімдерін растап, жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға бел буғаны да қуанышты. 

Жыл сайын колледж студенттері республика және облыс деңгейінде өткізілетін «Медицина колледжінің үздік бітірушісі» байқуына қатысып, жүлдері орындар алып келеді, осылайшы:

  • 2011 жылы  – «Емдеу ісі» бөлімінің студенті  Геккель Екатерина республикалық байқауда III орынға ие болды; 
  • 2012 жылы  «Үздік фармацевт-2012» республикалық байқауында  «Гигиена және эпидемиология» бөлімінің студенті Сағынбекова Айдана Бас жүлдеге ие болды;  2012 жылы бітіруші топтар арасында өткен  «Үздік медбике-2012» облыстық байқауында III орынға ие болдық; 
  • 2012 жылы  жалпы білім беру пәндері бойынша облыстық олимпиадада Кали Жулдызай III орын алды;
  • 2013 жылы «Емдеу ісі» бөлімінің студенті  Папуциди Афина республикалық байқауда II орынға ие болды;
  • «Фармация» бөлімінің студенті Базарбаева Калия  «Үздік фармацевт-2013» байқауында II орынға ие болды;    
  • 2014 жылы  Рузиддинов атындағы стоматологиялық колледжде өткен «Үздік тіс  технигі - 2014» атты XVI Республикалық байқауында ІІ жүлделі орынға Д.Салимбетов ие болды,  
  • Қарағанды қаласында өткен «Медцина колледжінің үздік бітірушісі-2014» республикалық байқауда Оңалбекова Болдықыз ІІ жүлделі орын алды. 2015 жылы Қызылорда қаласында«Гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша  өткен «Үздік бітіруші-2015»  республикалық байқауда Ж.Спандияр II  жүлделі орын алды.
  • «Медбике ісі» мамандығы бойынша «ОҚО медициналық колледжінің үздік бітірушісі-2015»  облыстық байқауында  Кенжебекова Турсынай Бас жүлде алған. «Фармация» мамандығы бойынша Қарағанды қаласында өткен республикалық байқауда  Ризалиева Саида I орын алды.

2013 жылы колледж базасында құрамына 11 кабинет енген симуляциялық орталық құрылды, атап айтқанда: педиатрия, мейірбикелік технологиялар І, ІІ (ине егу және ас қорыту жүйесінде бұзылыстары бар науқастарға күтім көрсету), апат медицинасы, босану палатасы, әйелдер консультациясының қарау бөлмесі, ішкі аурулар  пропедевтикасы бойынша тәжірибелік дағдылар бойынша жаттығуға арналған компьютерлік білім беруші жүйе, таза таңу бөлмесі, стандартталған науқастар палатасы, мейірбикелік емшаралар кабинеті (клизма қою), дебрифинг залы. Колледж қабырғасында заман талабына сай осындай құрылымдық бөлімшенің  енгізілуінде басты мақсат – білім беру сапасын арттыру, практикалық денсаулық сақтау саласының маманға қоятын талаптары мен болашақ мамандардың білім беру мекемелеріндегі дайындығы арасындағы алшақтықты жою. Жоғарыда аталған кабинеттерде колледж  оқытушылары қорытынды сабақтарды өткізіп, білім алушылар мамандықтар бойынша тәжірибелік дағдыларға жаттығады да, түрлі сынақтардан өтіп, ауысу емтихандарын және мемлекеттік емтихандарын тапсырады. Симуляциялық тренажерлардың қолдану тиімділігін арттыру мақсатымен осы орталықта жүргізілетін жаттығуларға арнайы симуляциялық сценарийлер дайындалған. Бұл бастама ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы 28 мамырдағы  №404 бұйрығымен негізін табуда.

Колледж қабырғасында қызметін  атап өтетін  бір құрылымдық бөлімше – орта медициналық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бөлімі. 1992 жылы есігін ашқан бұл бөлімде осы күні жылына 2018 орта буынды медицина қызметкері біліктілігін арттырып шығады. 2014 жылы бөлімшеде облыс медицина қызметкерлерінің білімдері мен дағдыларын бағалау мақсатымен симуляциялық орталық жабдықталды.

Өткенге көз жүгіртсек – колледждің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылған. Соңғы жылдары білім мен денсаулық сақтау саласының қарқынды дамуы мен ондағы жаңалықтар бізді болашаққа үмітпен қарап, жаңа жобаларды жоспарлауға ынталандырады. Өзінің даму стартегиясында үлгілі оқу ғимаратының, спорт залының құрылысын бастау, оқу кабинеттері мен зертханаларының материалдық-техникалық базасын күшейту, дәрігер-оқытушыларды біліктілігін арттыру үшін дәрігер-оқытушыларды  республика көлемінде,ТМД және шет елдерге жолдау деп белгілеген колледж бұл күнге соңғы үлгідегі оқу ғимаратының құрылысын аяқтап, оқу ғимаратында және біліктілікті арттыру бөлімшесінде ұйымдастырылған соңғы үлгідегі 2 симуляциялық орталықты толық   жабдықтап, 5 жыл ішінде 139 оқытушыны шетелдік өндірістік сынақтан өткізіп, педагогикалық құрам  мен студенттерінің жақсы жетістіктерімен жетті.

Осылайша дайындаған студенттеріміз облысымыздың медициналық ұйымдарында қызмет етіп, еліміздің денсаулығын нығайту ісіне өз үлесін қосуға кіріседі. Ал ұясынан ұшқан түлектеріміздің жадында сақтап шығатыны – Жоғары медицина колледжінің гимні.

Оңтүстіктің  елінде,
Сұлу Шымкент жерінде.
Абзал жандар, ақ жандар,
Медицина төрінде.
Салт-дәстүрді жалғаған,
Елге еңбек арнаған.
Мейірімі мол жандар,
Емшілікті таңдаған.

Қайырмасы

Медицина ордасы,
Шипагерлер мекені,
Гиппократ антымен,
Жылы шуақ жетеді.
Үстем болсын мерейің,
Көркейе бер, колледжім!
Бақытыңа сенейін,
Білім қуған, ғылым қуған,
Туған менің колледжім!

Ибн-Сина тағлымы,
Ұстаздарым шуақты.
Ұлы көштің жалғасы –
Шәкірт арман қуады.
Ақ желеңді жандардың,
Құтты білім ордасы –
Сәтті сапар тілейміз,
Ұлы Керуен-жол басы!

Қайырмасы

Бақыт құсын баптаған
Ел сенімін ақтаған.
Тарихы бар сан жылдық,
Тағлым етіп сақтаған,
Ақ ниетті ұл-қыздар
Білім алып аттанған...
Медицина колледжім,
Жырлап сені шаттанам!

Қайырмасы